Қордай ауданы, Ауқатты ауылының «Али Муртаза» мешітінде жұма күні жамағатқа тағылымды насихат айтылды. Жұма уағызының тақырыбы – «Қанағат-рақым ойлап қой, бес асыл іс білсеңіз». Насихат барысында адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің маңызы кеңінен түсіндірілді.
Уағызда қанағат пен рақымдылықтың адам өміріндегі орны, жақсылық жасау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, сабырлы болу және адамдар арасында мейірімділік пен өзара сыйластықты қалыптастыру жөнінде пайдалы кеңестер айтылды. Сонымен қатар, халқымыздың рухани мұрасында ерекше орын алатын бес асыл істің мән-мағынасы түсіндіріліп, мұсылман баласын жақсы амалдарға ұмтылуға, уақытын пайдалы өткізуге және көркем мінезді болуға шақырылды.
Жамағатқа жүрекке жетер өнегелі ойлар айтылып, әрбір адам өз бойындағы жақсы қасиеттерді арттырып, қоғамға пайдасын тигізуге үндеді. Жұма насихатын Сортөбе аймағына жауапты ұстаз Әнебеков Жанұзақ жүргізді. Іс-шара соңында жамағат игі насихаттан тағылым алып, жұма күнінің берекесі мен сауабынан үміт етіп, құлшылықтарын орындады. Ізгі амалдарымыз қабыл, мұраттарымыз асыл болсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



21 Тамыз 2026
7 Раби-авваль 1448

