Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Дархан дала» жобасы аясында Қордай ауданының түлектері Тараз қаласына зиярат жасады. Іс-шара Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен өтті.
Зиярат барысында аудан түлектері Тараз қаласындағы көне мешіттер мен тарихи орындарды аралап, халқымыздың рухани-мәдени мұрасымен танысты. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы тарихи орындармен қатар, «Әулие Ата» мешітіне зиярат жасалды. «Дархан дала» – рухани-танымдық бағыттағы жоба. Оның негізгі мақсаты – отандық туризмді дамыту, тарихи-киелі орындарға зиярат ету мәдениетін қалыптастыру және ата-баба мұрасын насихаттау. Жоба аясында батырлар, билер мен әулие-әнбиелер жатқан мазарлар мен кесенелерге зиярат жасау, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен шариғат әдебін үйрету, мешіт жамағаты мен жастарға тарихи мекендерге рухани сапарлар ұйымдастыру көзделген.
Сапар барысында жастарға тарихи орындардың маңызы түсіндіріліп, бабалар мұрасын құрметтеу, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде тағылымды әңгімелер айтылды. Осындай рухани-танымдық сапарлар жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи мұраны танып-білуіне және рухани дүниетанымының қалыптасуына оң ықпал етеді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



21 Тамыз 2026
7 Раби-авваль 1448

