Меркі ауданының мешіт имамдары жамағатқа «Уақыптың пайдасы» тақырыбында насихат айтып, исламдағы уақыптың маңызы мен сауабы туралы түсіндірді. Жамағатқа уақыптың қоғам игілігіне жұмсалатын қайырымды амалдардың бірі екені және оның сауабы адамның дүниеден өткеннен кейін де жалғасатыны айтылды.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, игілікке жете алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят) деп ескертеді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы қайтыс болған кезде үш нәрседен басқа амалы тоқтайды: садақасы жария, пайдалы ілімі және оған дұға ететін ізгі перзенті» деген.
Имамдар уақып арқылы мешіт, медресе, білім беру орындары мен басқа да қоғамдық игіліктерге қолдау көрсетуге болатынын атап өтті. Жамағатты мүмкіндігіне қарай Алла разылығы үшін қайырымды іске үлес қосып, сауабы үзілмейтін ізгі амал жасауға шақырды.
Уақып – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның игілігіне қызмет ететін сауапты амал. Оның берекесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, білім мен имандылықтың таралуына себеп болады.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



21 Тамыз 2026
7 Раби-авваль 1448

