Аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Дәурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа «Отбасы құндылықтары» және «Уақып – қайырлы іс» тақырыптарында тағылымды насихат жүргізді.
Уағыз барысында имам отбасының қоғамдағы маңызды орнын атап өтіп, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық пен мейірімділіктің берік шаңырақтың негізі екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, ата-ананы құрметтеу, ерлі-зайыптылардың бір-біріне жауапкершілікпен қарауы және перзент тәрбиесіне көңіл бөлу – отбасы берекесін арттыратын ізгі амалдар екеніне тоқталды.
Дәурен Куттыбаев отбасы татулығының сақталуы үшін әрбір адамның сабырлы, кешірімді әрі жауапкершілікті болуына шақырды.
Бас имам қоғамның тұрақтылығы мен ұрпақ тәрбиесінің сапасы ең алдымен отбасындағы рухани ахуалға байланысты екенін айтып, жамағатты ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеуге үндеді.
Уақып мәселесіне қатысты насихатында ол уақыптың қоғам игілігіне жұмсалатын сауапты әрі жалғасымды қайырлы істердің бірі екенін түсіндірді.
Имам мешіт, білім беру, қайырымдылық және әлеуметтік қолдау бағыттарына жасалған игі үлестердің халыққа пайдасын тигізетінін атап өтті.
Сондай-ақ, уақып мәдениетін дамыту арқылы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамдағы өзара жанашырлық пен бауырмалдықты арттыруға болатынын жеткізді.
Жамағатқа отбасы құндылықтарын берік ұстанып, қолынан келгенше қайырымдылық жасау арқылы қоғамның рухани дамуына үлес қосу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу соңында бас имам жамағатты отбасында береке мен бірлікті сақтауға, ізгі амалдарды көбейтуге және халыққа пайдасы тиетін қайырлы істерге белсенді атсалысуға шақырды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



22 Тамыз 2026
8 Раби-авваль 1448

