Ең ақылды адам - мына жалған дүниенің ләззатын қашыратын өлімді жиі еске алған адам. Түсінген адамға өлімді еске алудың пайдасы өте зор. Өлімді еске алу - өмірден түңілу емес. Керісінше өмірге деген көзқарасты жақсы жаққа өзгерту. Өміріңізді, тұрмыс тіршілігіңізді, жұмысыңызды, мінезіңізді бәрін реттеп беретін дүние.
Мына өмірді дүние тіршілігін жақсы көретін, осы өмірдің ләззатын сүйетін адамдар көп жағдайда ақиқат болған өлімді еске алудан қашады, өлім жайлы айтылса көңілі құлазып, жүрегі сыздайды. Ал Алланы таныған шынайы мұсылан адам керісінше өлімді жиі еске алып, ақыретін ойлап жақсы іс әрекеттер жасап Раббысына қауышатын күнді күтіп, амалдарын жасайды.
Адам баласының бүкіл тағдыры көшуден тұрады. Шын негізінде - өлім ол көшу. Мына дүниеден қабір әлеміне көшу білдіреді. Алдымен әкенің белінен ананың құрсағына, содан кейін сәби болып мына дүниеге, одан мына жалған дүниеден барзақ әлеміне, одан ары ең соңғы табан тірер мәңгілік тұрақ дүние Алланың қалауымен жаннат не тозақ болады. Қазақта негізінде өлген адамды, өлді демейді, қайтыс болды дейді. Раббысына қайтты дейді.
Өлім - ақиқат. Өлімнен ешкім қашып құтылған емес. Біз күн сайын өлімге бір қадам жақындап келеміз. Бұл бізге яғни адам баласына берілген мүмкіншілік. Ойланған адамға Алланың әрбір жаратқан нәрсесінде үлкен ғибрат жатыр. Мысалы: ағашты алайық, күзде жапырақтары түсіп, қыста өлі дүниеге айналады. Көктем шыға қайта жанданып көктеп, жазда жайқалып жеміс береді. Мұсылман адам дәл сол жеміс ағашы секілді. Тек оның жемісі -Алланың жаннаты. Сол үшін де бұл ағаш мәселесі Алланың ұлылығын паш етіп, өлімнің көптеген хикметтерінің бар екенін еске салады.
Адам - өлім алдындағы өзінің әлсіз құл екенін дәрменсіздігін сезінеді. Өзінің белгілі бір мақсатпен жаратылғанын, ол мақсаттың құлшылық екенін түсінеді. Егер өлім болмаса өмірдің ләззатын сезіне алмас едік, ауырмасақ денсаулықтың қадірін білмес едік, қартаймасақ жастықтың қадірін білмес едік, кедей болмасақ байлықтың қадірін білмес едік. Сондықтан болар адам баласы әр нәрсенің қадірін сол нәрсені жоғалалтқанда немесе сол нәрсе таусылар кезде түсінеді. Тіпті жарқыраған күннің қадірін қараңғы түнде түсінеміз. Бірақ дүние ләззатына берілген пенделер өлімді еске алудан қатты қорқады, еске алса да күрсіне, қимастықпен еске алады. Бұл еске алу оны Жаратушысы Алладан одан ары алыстата түседі.
Екінші, бір пенде Алламен қауышудан қашпаса да өлімге деген қорқыныш бар. Өйткені ол өлімнен емес өлгеннен кейінгі жағдайының қандай болатынын ойлап алаңдайды. Пайғмбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) мүбарак хадисінде: «Ләззат атаулыдан үзетінді (өлімді) көбірек еске алыңдар» деген. Ләззат дегеніміз жай адамдар үшін дүние, мүлік, атақ, даңқ, байлық, мансап болса, салихалы момын мұсылмандар үшін намаз оқу, ізгі амалдар жасау, Алланың бұйрықтарын бұлжытпай орындаудан артық ләззат жоқ. Сондықтанда өлімді жиі еске алу дүниенің құлы болудан алыстатын, ақыретке деген дайындықты күшейтетін амал. Ал ақыретін ұмыт болған адам, дүние батпағына бата береді. Ондай адам үшін Алланың тиым салған нәрселерінен алыстау үлкен бір қамал секілді болмақ. Оның әмірлерін орындап бойұсыну өте бір қиын іс әрекетке айналады.
Ал кәпірлерге мына өмір жұмақ іспетті, өйткені нәпсінің қалауын орындауға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ істің ақиқаты ақыретте керісінше болмақ, мұсылмандар үшін мына өмірдің сынақтарына, тиымдарына шыдап баққаны үшін жаннат нәсіп етілсе, бұл өмірде нәпсісін тояттаған пенделерге ақыретте мәңгі тозақ болмақ. Адам қайтыс болғанда біз «иманды болсын» дейміз. Ал, ұлы Абай атамыз айтады: «Мүмін болсаң әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол» дей келе, адам баласының тірі кезінде иманды болуы керек екенін ескертеді. Тірі кезінде болмаған иманды өлгеннен кейін пенденің жүрегіне кім салып бермек?!
Өлімді еске алудың белгілі бір уақыты жоқ. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) бұл істі өзімізге қалдырған. Бірақ әркім өз иман дәрежесіне қарай өлімді еске алады. Біреуі тек жаназада, екіншісі науқасты зиярат қылғанда, үшіншісі уағыз тыңдағанда және т.б. Сахаба Омардың ұлы Абдулла сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) «Дүниеде бөтен адамдай бол немесе жолаушы секілді бол» деген сөзіне қосымша былай деген: «Таң атса кешті күтпе, кеш батса таңды күтпе!». Яғни, істейтін ісіңді дәл қазір жаса, ертең өмір сүретініңе кім кепіл?
Мұсылмандардың патшасы Абдулазиздың ұлы Омар арнайы ғалымдарды жинап алып, олармен бірге ақыретті еске алып, құдды бір жаназада тұрғандай өксіп жылайтын болған. Міне, ізгілер өлім мен ақыретті ешқашан ұмытпаған. Себебі осы екеуі арқылы адам есін жиып түзу жолмен жүре бастайды. Осы дүниедегі өлімді ойлап, ақыретімізді ойлап, уайымдап соған қарай жасаған іс әрекеттеріміз өзіміздің ақыретте жейтін жемісіміз. Ақыретке ойдағыдай азық жинап жәннаттық адамның іс әрекетін жасасақ әрине нұр үстіне нұр болары анық. Осының бәріне түрткі болатын амал, ол өлімді жиі еске алу.
Алла Тағала Құран кәрімде: «Расында сендер қашқан өлім, әрине ол сендерге кездеседі. Сосын көместі білуші Аллаға қайтарыласыңдар. Сонда сендерге істеген істеріңді түсіндіреді де.»- деп айтылған. Сондай ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) тағы бір хадисінде «Өлімді еске алыңдар, жаным құзырында болған Алланың атымен ант етейін, егер сендер мен білген нәрсені білсеңдер аз күліп көп жылар едіңдер» деген. Өлімді еске алумен жүректер жұмсарады. Мұсылмандардың анасы Айша (оған Алла разы болсын) анамызға бір кісі келіп жүрегінің қаттылығын айтып шағымданады. Сонда Айша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Өлімді жиі еске ал» деп кеңес береді.
Бұдан түйген түйініміз, өлімді еске алуымыздың мына өмірде де , ақыретте де пайдасы зор екендігін дәлелдейді. Өйткені өлімді еске алған адам Алланың сұрақтарынан қайтіп өтетініне және өлімнен кейінгі жағдайының қандай болатынын ойлап қам жейді. Алдыңғы өткен қауымдар, тарихқа айналған ұлы тұлғалар, Пайғамбарлардан бастап саңлақ сахабалар, әулие әнбиелер, одан қала берсе кешегі ел билеген хандар мен атағы жер жарған батыр, бахадүрлер, тілінен бал тамған әншілер мен ақындар, би шешендеріміз қазіргі уақытта өлмесе бәрі қайда? Жыл өте біз де келместің көлігіне мінеріміз анық. Жаңағы тарих болып қалған бабалар секілді біз де бір күні тарихқа айналарымыз ақиқат. Халқымызда осы жайында қысқа да нұсқа мақал бар. «Тақ пен табыттың иесі жоқ». Бұл сөз шындық. Өйткені мына өмір алма кезек дүние. Тұрағы жоқ дүние.
Біз ешқашан құтыла алмайтын құбылыс - өлім туралы көзқарасымызды, өлім туралы түсінігімізді анықтап алу әрбіріміз үшін аса маңызды нәрсе. Егер адам өлген соң мәңгі өшіп жоқ боламын деп ойлайтын болса, онда мына бес күндік жалған өмірде мойыныңызға артылған жауапкершілігіңізді абыроймен атқарып, парыздарыңыз бен қарыздарыңызды толық орындап, Жаратқанның алдына таза болып баруға әрекет етеді. Сауапты істер жасауға ынталы болады.
«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» деген Құран аяттары арқылы Жаратушы Алла бізге өлімнен ешкімнің қашып құтыла алмайтынын еске салады. Сондықтан да ақылды адам өзі үшін дайын болуы керек. Бір нәрсеге дайын болу сол нәрсені жиі жиі еске алумен іске асады. Еске түсіру үшін соны еске түсіретін нәрсемен шұғылдану керек. Өлім жолаушысы бізге күнде жақындайды. Бірақ адам баласы қаннен қаперсіз. Бұл туралы Құран кәрімнің «Әнбия» сүресінің бірінші аятында: «Адам баласының есеп көретін мезгілі таяды. Алайда олар қаперсіз бет бұруда», - деп айтылған.
Ал, Мәриям сүресінің 84-ші аятында: «Біз олардың күндерін анық есеп қисап қылып тұрамыз», - делінген. Бұл шындықты көре алмаған, сезіне алмаған адам ақыретті жоққа шығарады. Өмірін бос, пайдасыз нәрселермен өткізеді. Өлімнен құтылудың жолын іздейді. Бірақ, өлімнен тек өліп қана құтылатынын жаны алқымға келгенде бірақ түсінеді!
Саламат Аманбаев
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы
«Құдайберген» мешіті имамы


24 Шілде 2026
8 Сафар 1448

