Бірлесу Еңбек ауылындағы «Бірлесу Еңбек» мешітінде молда Сәкен Жолдасбековтің қатысуымен жамағатқа «Жүрек дерттері» тақырыбында тағылымды уағыз айтылды. Уағыз барысында Ислам ілімінде жүрек адамның рухани өмірінің өзегі екендігі және оның иман, ықылас пен көркем мінездің мекені саналатыны жан-жақты түсіндірілді. Молда пендені Алладан алыстататын тәкаппарлық, қызғаныш, көреалмаушылық, рия және дүниеқоңыздық сияқты рухани кеселдердің адам өміріне тигізетін кері әсеріне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, жүректі рухани дерттерден тазартудың жолы – ықыласты құлшылық, шынайы тәубе, ізгі амалдар жасау және Алланы үнемі еске алу екендігі кеңінен насихатталды. Кездесу барысында мұсылманның көркем мінезді болып, кешірімділік пен мейірімділікті өмірлік ұстанымына айналдыруының маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ, жамағатқа адамдар арасындағы татулықты сақтап, өсек-аяңнан, жала жабудан және бір-біріне қиянат жасаудан аулақ болудың қажеттілігі түсіндірілді.
Уағыз соңында қатысушылардың діни сауалдарына Құран мен сүннет негізінде тұшымды жауаптар беріліп, пайдалы пікір алмасу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жамағаттың рухани тәрбиесін күшейтіп, жүрек тазалығын, адамгершілік қасиеттерді және Исламның асыл құндылықтарын дәріптеу болды. Осындай рухани кездесулер қоғамда ізгілік пен бірлікті нығайтып, адамдардың имандылығы мен парасаттылығының артуына оң ықпал етеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

