Гродиково ауылындағы «Арынғазы» мешітінде ұстаз Малик Унгарбаевтың қатысуымен жамағатқа «Ұлтаралық келісім – қоғам тыныштығы» тақырыбында тағылымды уағыз жүргізілді. Уағыз барысында еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты негіздерінің бірі – ұлтаралық татулық пен өзара сыйластық екендігі жан-жақты түсіндірілді.
Ұстаз Ислам дінінің адамдарды ұлтына, тіліне немесе нәсіліне қарай бөлмей, өзара құрметке, әділдікке және бауырмалдыққа шақыратынын кеңінен баяндады. Сонымен қатар, қоғамдағы ауызбіршілік пен келісімді сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екендігіне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігін нығайту және арандатушылық сипаттағы жат идеологиялардан сақтанудың маңыздылығы айтылды. Жамағат тарапынан қойылған сауалдарға Құран мен сүннет негізінде тұшымды жауаптар беріліп, өзара пікір алмасу ұйымдастырылды. Ұстаз жастарды Отанды сүюге, заңды құрметтеуге, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға үндеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, діни сауаттылықты арттыру және ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты дәріптеу болды. Осындай рухани кездесулер халықтың бірлігі мен ынтымағын арттырып, бейбіт әрі берекелі қоғам қалыптастырады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

