Аудандық Бәйдібек мешітінде наиб имам Азамат Балхожаевтың қатысуымен жамағатқа «Қоғамдағы пәтуаның маңыздылығы» тақырыбында тағылымды уағыз айтылды. Уағыз барысында пәтуаның Ислам шариғатындағы орны мен қоғам өміріндегі маңызы жан-жақты түсіндірілді. Наиб имам пәтуа берудің үлкен жауапкершілік екендігін айтып, оның тек терең діни білім мен шариғат ілімін меңгерген білікті ғалымдардың құзыретіне жататынын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, әрбір мұсылманның діни мәселелерде сенімді дереккөздерге және ресми дін мамандарының түсіндірмелеріне жүгінуі қажеттігі айтылды. Кездесу барысында шариғат үкімдерін өз бетінше түсіндірудің немесе негізсіз пікір таратудың қоғамда түсінбеушілікке алып келуі мүмкін екендігі кеңінен сөз болды. Имам діни сауаттылықты арттыру арқылы түрлі адасушылықтар мен деструктивті көзқарастардың алдын алуға болатынын түсіндірді.
Сонымен қатар, қоғамдағы ауызбіршілік пен татулықты сақтауда дұрыс пәтуаның рөлі ерекше екеніне тоқталды. Жамағат тарапынан қойылған діни сауалдарға Құран мен сүннетке негізделген нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Уағыз барысында мұсылман қауымын сабырлылыққа, көркем мінезге және өзара құрметке үндейтін насихаттар айтылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жамағаттың діни танымын нығайтып, шариғат мәселелеріне дұрыс көзқарас қалыптастыру және қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау болды. Осындай тағылымды кездесулер халықтың діни сауатын арттырып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің нығаюына өз үлесін қосады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

