Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен аудандық Бәйдібек мешітінің наиб имамы Азамат Балхожаевтың қатысуымен «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы» тақырыбында ақпараттық-танымдық кездесу өткізілді. Кездесу барысында діни сауатсыздықтың қоғамға тигізетін кері әсері мен оның діни экстремизмнің таралуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі екендігі жан-жақты түсіндірілді. Наиб имам дәстүрлі Ислам құндылықтарын дұрыс түсінудің маңыздылығына тоқталып, күмәнді діни ақпараттардан сақ болуға және ресми діни дереккөздерге ғана сүйенуге шақырды.
Сонымен қатар, жастар мен қоғам өкілдерінің діни танымын қалыптастыруда отбасы тәрбиесі мен рухани білімнің орны ерекше екендігі кеңінен айтылды. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, діни және құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда діни сауаттылықты арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу болып табылады. Осындай тағылымды кездесулер азаматтардың рухани иммунитетін күшейтіп, қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

