Аудандық «Бәйдібек» мешітінде ұстаз Жайна Бекназарова жамағатқа «Қонақ келсе, құт келеді» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтты. Уағыз барысында қазақ халқының қонақжайлық дәстүрі Ислам дінінің асыл құндылықтарымен үндесетін игі қасиеттердің бірі екендігі жан-жақты түсіндірілді. Ұстаз қонақты құрметпен қарсы алып, оған ізет көрсету мұсылманның көркем мінезінің белгісі әрі қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтатын амал екеніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, дастарқан басындағы әдеп, қонақтың және үй иесінің өзара міндеттері жөніндегі шариғат қағидалары кеңінен баяндалды.
Уағыз барысында туыстық қарым-қатынасты нығайту, ағайын арасындағы татулықты сақтау және адамдардың бір-біріне мейіріммен қарауы қоғамның берекесін арттыратыны айтылды. Сондай-ақ, ысырапқа жол бермей, шынайы ықыласпен қонақ күту мен қарапайымдылықты сақтау мұсылман әдебінің маңызды көрінісі екендігі насихатталды.
Кездесу барысында жамағатқа ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу арқылы жастардың бойына адамгершілік пен имандылық қасиеттерін сіңірудің маңыздылығы түсіндірілді. Уағыз соңында қатысушылардың діни және тұрмыстық мәселелерге қатысты сауалдарына Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті негізінде жан-жақты жауаптар берілді. Жамағат рухани насихаттан мол тағылым алып, өзара пікір алмасып, пайдалы ой бөлісті.
Іс-шараның басты мақсаты – қонақжайлық мәдениетін, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту болды. Осындай рухани кездесулер халықтың діни сауатын арттырып, дәстүр мен діннің сабақтастығын сақтауға әрі ізгі қоғам қалыптастыруға бағытталады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

