ЖАМБЫЛ: «БЕСАҒАШ» МЕШІТІНДЕ ЖАМАҒАТҚА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ УАҒЫЗДАР ӨТТІ

ЖАМБЫЛ: «БЕСАҒАШ» МЕШІТІНДЕ ЖАМАҒАТҚА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ УАҒЫЗДАР ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы «Бесағаш» мешітінде жамағатқа арналған тағылымды кездесулер өтті. Рухани жиындарға Өрнек ауылының «Рәпілбек» мешітінің молдасы Мәулен Ибрагимов арнайы қатысып, отбасы құндылықтары мен жүрек тазалығы төңірегінде мазмұнды уағыз айтты.

Кездесу барысында ең алдымен Ислам дініндегі некенің отбасы құрудағы қасиетті келісім екендігі және оның ерлі-зайыптылардың өзара жауапкершілігіне негізделетіні жан-жақты түсіндірілді. Мәулен Ибрагимов шариғат бойынша некенің дұрыс рәсімделу шарттарына тоқталып, екі жақтың өзара келісімі, куәлардың қатысуы мен мәһірдің белгіленуінің маңыздылығын кеңінен баяндады. Сонымен қатар, отбасылық өмірдің берекесі өзара құрметке, сабырлылық пен мейірімділікке байланысты екені атап өтіліп, жастарға болашақ жар таңдауда имандылық пен көркем мінезге басымдық беру қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, насихат аясында адамның рухани өміріндегі жүректің орны мен оны емдеу жолдары да кеңінен сөз болды. Дін қызметкері жүректі қарайтатын тәкаппарлық, қызғаныш, рия, ашу-ыза сияқты дерттерден сақтанудың маңызын түсіндіріп, оны емдеудің негізгі жолдары ретінде шынайы тәубе ету, Алланы зікір ету, Құран оқу және дұға жасауды атап өтті. Мұсылманның жүрегі мейірім мен кешірімге толы болғанда ғана қоғамда татулық пен ізгілік орнығатыны жеткізілді.

Өнегелі басқосулар соңында жамағат тарапынан қойылған сауалдарға Құран мен сүннет негізінде жан-жақты жауаптар беріліп, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды.

Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: