Қапал ауылындағы «Қапал» мешітінде Бесағаш ауылының «Бесағаш» мешітінің азаншысы Азамат Сабырдың қатысуымен жамағатқа «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында тағылымды уағыз жүргізілді. Уағыз барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен Ислам дінінің құндылықтары өзара үйлесім тауып, ұлттың рухани тұтастығын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны жан-жақты түсіндірілді. Азаншы ата-бабадан мирас болған игі дәстүрлердің шариғат қағидаларына қайшы келмейтін тұстарын сақтау ұлттық болмысты нығайтатынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, жастарды ұлттық тәрбиеге баулу, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету сияқты ізгі қасиеттердің дінімізде де жоғары бағаланатыны кеңінен насихатталды. Кездесу барысында дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоюдың қате түсінік екендігі айтылып, олардың өзара сабақтастығы нақты мысалдармен түсіндірілді. Сондай-ақ, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғамдағы татулық пен ауызбіршілікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Уағыз соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға Құран мен сүннет негізінде тұшымды жауаптар беріліп, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – халықтың діни сауатын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және дәстүрлі Исламның асыл қағидаларын кеңінен насихаттау болды. Осындай рухани кездесулер ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтып, жастардың ұлттық және діни танымының дұрыс қалыптасуына оң ықпал етеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

