Аудандық «Бәйдібек» мешітінде ұстаз Жайна Бекназарова жамағатқа «Шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-қатынастағы әдептілік» тақырыбында насихат айтты. Насихат барысында Ислам ілімінде ұстазға құрмет көрсету білімнің берекесін арттыратын маңызды әдептердің бірі екендігі жан-жақты түсіндірілді. Ұстаз шәкірттің білімге деген ықыласы, ізденісі және ұстазына деген сыйластығы оның рухани кемелденуіне тікелей ықпал ететінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ұстаздың да шәкіртіне мейіріммен қарап, көркем мінез танытып, білімді даналықпен жеткізуі үлкен жауапкершілік екендігі кеңінен баяндалды.
Кездесу барысында білім алу жолындағы сабырлылық, кішіпейілділік және өзара құрметтің исламдық тәрбиенің негізгі қағидалары екені айтылды. Сондай-ақ, шәкірт пен ұстаз арасындағы сенім мен сыйластықтың қоғамда білім мен тәрбиенің сапасын арттырудағы маңызына ерекше тоқталды. Насихат кезінде жастарды уақытты тиімді пайдалануға, пайдалы білімге ұмтылуға және алған ілімін ізгі амалмен ұштастыруға үндейтін тағылымды ойлар айтылды. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті негізінде тұшымды жауаптар беріліп, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Жамағат рухани кездесуден тәлім алып, білім мен тәрбиенің адам өміріндегі орны туралы құнды мағлұматтарға қанықты.
Іс-шараның басты мақсаты – ұстаз бен шәкірт арасындағы ізетті қарым-қатынасты нығайту, діни-рухани тәрбиені дәріптеу және жастардың бойына көркем мінез бен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру болды. Осындай тағылымды кездесулер қоғамда білімге деген құрметті арттырып, рухани құндылықтардың орнығуына және ұлттық тәрбиенің нығаюына әсер етеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

