Қызылқайнар ауылындағы «Махат ата» мешітінде молда Ескендір Чалиевтің қатысуымен жамағатқа «Діни алауыздықтан сақтану» тақырыбында тағылымды уағыз жүргізілді. Уағыз барысында Ислам дінінің адамдарды ауызбіршілікке, өзара сыйластыққа және татулыққа үндейтіні жан-жақты түсіндіріліп, діни алауыздықтың қоғамның бірлігі мен тұрақтылығына кері әсер ететіні кеңінен баяндалды. Молда мұсылман қауымын Құран мен сүннетті дұрыс түсініп, дәстүрлі діни құндылықтарды берік ұстануға және күмәнді діни ақпараттарға ермеуге шақырды.
Сонымен қатар, діни мәселелерде сенімді дереккөздерге сүйеніп, білікті дін мамандарының кеңесіне жүгінудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Кездесу барысында бірлік пен ынтымақтың елдің дамуы мен қоғамдық келісімнің басты негізі екендігі жөнінде тағылымды насихат айтылды. Сондай-ақ, әрбір мұсылманның көркем мінез танытып, өзгелердің пікіріне құрметпен қарап, қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтауға үлес қосуы қажеттігі түсіндірілді.
Уағыз соңында жамағат тарапынан қойылған сауалдарға Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті негізінде жан-жақты жауаптар беріліп, өзара мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жамағаттың діни сауаттылығын арттыру, діни алауыздықтың алдын алу және қоғамдағы татулық пен рухани келісімді нығайту болды. Осындай рухани кездесулер халықтың бірлігі мен ынтымағын күшейтіп, дәстүрлі Ислам құндылықтарының кеңінен насихатталуына және қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына оң ықпал етеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

