Жаңабай сопы мешітінде жамағатқа арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылып, мешіт имамы Төсбаев Әбдіқали «Гүленшілер діни ағымы» тақырыбында насихат айтты.
Кездесу барысында аталған ағымның шығу тарихы, діни ұстанымдары мен қоғамдағы таралу ерекшеліктері туралы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар діни ағымдарды бағалауда асығыстыққа салынбай, олардың көзқарастары мен әрекеттерін дәстүрлі діни ілім тұрғысынан саралай білудің маңыздылығына тоқталды. Төсбаев Әбдіқали діни сауаттылықтың кез келген күмәнді идеологияның ықпалына қарсы тұрудағы басты құрал екенін атап өтті. Ол жастардың білім алуына, дінді сенімді ғалымдар мен ресми діни орындардан үйренуіне мән беріп, отбасы мен қоғамдағы рухани тәрбиенің рөліне назар аударды.
Жиын барысында қатысушыларға жат ағымдардың белгілерін ажырату, күмәнді ақпараттарға ермеу және дәстүрлі діни құндылықтарды сақтау жөнінде кеңестер берілді. Кездесу соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, діни мәселелерде білім мен байыптылықтың маңыздылығы айтылды.
"Жаңабай сопы" мешіті баспасөз қызметі


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

