Қордай ауданы, Қордай ауылының «Нұрислам» мешітінде айлық дастархан жайылып, жамағат бас қосқан рухани кездесу өтті. Жиын барысында аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Жанұзақ Әнебеков жамағатқа «Ауызбіршілік – берекенің бастауы» тақырыбында тағылымды насихат айтты.
Наиб имам өз сөзінде Ислам дінінде мұсылмандардың өзара татулығы, бауырмалдығы мен ынтымағының ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол бірлік бар жерде береке болатынын, жамағат болып құлшылық ету мен өзара сыйластықтың қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына оң әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ насихат барысында адамдардың бір-біріне жанашыр болуы, мұқтаж жандарға қолдау көрсету, көркем мінезді қалыптастыру және қоғамдағы ауызбіршілікті нығайту әрбір мұсылманның міндеті екені айтылды.
Жамағатқа бір-бірімен тату болып, ізгі амалдарды көбейтуге шақырған ғибратты ойлар ортаға салынды. Насихаттан кейін жамағат айлық дастарханнан дәм татып, өзара пікір алмасып, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасады.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

