Қордай ауданы, Қордай ауылының «Рахман» мешітінде аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Жанұзақ Әнебеков жамағатқа «Дін мен дәстүр: Сүннет – салтымыз, әдет-ғұрпымыз» тақырыбында насихат айтты. Насихат барысында Ислам дінінің көркем құндылықтары мен қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің өзара үндестігі кеңінен сөз болды.
Наиб имам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанудың мұсылман өміріндегі маңызына тоқталып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі әдет-ғұрыптарының шариғат қағидаларымен үйлесетінін түсіндірді. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасы бірлігін сақтау және жастарды имандылыққа тәрбиелеудің маңыздылығы айтылды.
Жамағатқа дін мен дәстүрді қатар ұстанып, қоғамда ауызбіршілік пен татулықты нығайтуға үлес қосуға шақырды. Насихат соңында жамағаттың сауалдарына жауап беріліп, елдің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

