Қордай ауданы, Қордай ауылының «Рахман» мешітінде аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Жанұзақ Әнебеков жамағатқа «Ананың отбасындағы маңызы» тақырыбында тағылымды насихат айтты.
Насихат барысында Ислам дінінде ананың мәртебесі өте жоғары екені, қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде анаға құрмет көрсету, оған жақсылық жасау және разылығын алу мұсылман баласының ең маңызды міндеттерінің бірі екені кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, отбасының берекесі мен ынтымағы көбіне ананың көркем мінезіне, мейірімі мен тәрбиесіне байланысты екені айтылды.
Бала бойына имандылық, адамгершілік, әдеп пен ізеттілік қасиеттерін сіңіруде ананың орны ерекше екені, ұлттық салт-дәстүрімізде де ананы ардақтау, оның ақ батасын алу – ұрпақ тәрбиесінің негізі саналатыны сөз болды. Наиб имам бүгінгі қоғамда отбасы құндылықтарын сақтау, ата-анаға құрмет көрсету, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіру – дәстүріміз бен дініміздің ортақ ұстанымы екенін атап өтті.
Сондай-ақ ананың еңбегін бағалап, оған қамқорлық жасау әрбір перзенттің азаматтық әрі діни парызы екеніне тоқталды. Кездесу соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ізгі тілектер айтылды. Жиын елдің амандығы, жұрттың тыныштығы мен отбасының берекесі үшін жасалған дұғамен қорытындыланды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

