Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде наиб имам Жанұзақ Әнебеков жамағатқа «Отбасындағы әкенің орны» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтты. Насихат барысында отбасы – қоғамның негізі екені, ал әкенің шаңырақтағы жауапкершілігі мен тәрбиелік рөлі ерекше екені кеңінен сөз болды.
Имам қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйене отырып, әкенің отбасының қорғаны, асыраушысы әрі ұрпағына үлгі болатын тұлға екенін түсіндірді. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде әкенің өнегелі мінезі, адал еңбегі, жауапкершілігі мен мейірімділігі маңызды орын алатыны айтылды. Ұлттық салт-дәстүрімізде де әкені құрметтеу, оның ақыл-кеңесіне құлақ асып, аманатына адал болу – ұрпақ тәрбиесінің басты қағидаларының бірі екені ерекше атап өтілді.
Наиб имам бүгінгі таңда отбасы құндылықтарын нығайту, ата-анаға құрмет көрсету, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты сақтау және балаларға дұрыс діни-рухани тәрбие беру – қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің кепілі екенін жеткізді. Уағыз соңында жамағат көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алып, ел тыныштығы, халықтың бірлігі және әрбір отбасының амандығы үшін дұға жасалды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

