«ДІН МЕН ДӘСТҮР» МҰРАЖАЙЫ БАС МҮФТИ КЕҢЕСШІСІН ТӘНТІ ЕТТІ

«ДІН МЕН ДӘСТҮР» МҰРАЖАЙЫ БАС МҮФТИ КЕҢЕСШІСІН ТӘНТІ ЕТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көне шаһардың рухани жүрегіне айналған Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» мұражайы тағы бір мәрте мәртебелі қонақтардың басын қосты. Ислам құндылықтары мен қазақтың ғасырлар бойғы салт-санасын тоғыстырған бірегей орталықты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы арнайы келіп зиярат етті.

Киелі Әулиеата өңіріне табан тіреген мәртебелі қонақты ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен елдің ұйытқысы болып отырған Әжелер алқасы ыстық ықыласпен қарсы алды. Сапардың шымылдығы халқымыздың асыл аналары — ақ жаулықты әжелердің кең жайылған ақ дастарханымен ашылды. Тағылымды жүздесу барысында аналар елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, қара шаңырақтың халық игілігі жолындағы жүйелі қызметіне береке сұрап, қол жайып дұға жасады.

Мұражайдың басты құндылығы — оның мұрасында ғана емес, құрылу тарихында жатыр. Көздің қарашығындай сақталған жәдігерлерді Әжелер алқасы өз қолдарымен, жүрек қалауларымен жинақтаған. Облыстың әр түкпірінен іздеп табылған, сан ұрпақтың қолының табы қалған көне бұйымдар бүгінде заманауи мұражай залы мен қазақы нақыштағы киіз үй ішіне үйлесімді орналасқан.

Бас мүфти кеңесшісіне руханият ордасын Әжелер алқасының төрайымы Жәмилә Жұмабаеваның өзі таныстырды. Ол әрбір жәдігердің артында тұрған тарихты, олардың тұрмыстық және рухани қызметін шежірешідей асқан шеберлікпен баяндап берді. Мұндағы әрбір құман, әрбір текемет пен тұскиіз, көне кітаптар мен тұрмыстық заттар келушіге «Дін — дәстүрдің діңгегі» екенін үнсіз ұқтырып тұрғандай.

Кездесу соңында облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ақ жаулықты аналардың ерен еңбегіне тоқталып, ризашылығын білдірді.

«Әжелеріміздің жастар тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған шаралары — дін саласына, қоғамның рухани сауығуына қосып жатқан өлшеусіз үлес. Бүгінгі мұражай — соның жарқын дәлелі», — деп атап өтті бас имам.

Бұл сапар — Тараз жеріндегі ұлттық код пен имандылықтың сабақтастығын тағы бір мәрте айшықтап, жас ұрпаққа өнеге боларлықтай тағылымды оқиға ретінде тарихқа хатталды.

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: