Бүгінгі таңда әлем зымыран уақыттың ырғағымен күн сайын, сағат сайын өзгеруде. Технология дамыды, шекаралар шешілді, бірақ, өкінішке орай, адам жаны қаңбақтай қаңғып, жалғызсырай бастағандай. Дәл осы XXI ғасырда адамзат баласы рухани дағдарысқа тіреліп, ажырасудың белең алуы, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік пен суықтық күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Қоғамның іргетасы шайқалмауы үшін бізге қандай тірек керек? Ол тірек – ғасырлар бойы сыналған, тазалық пен мейірімнің бастауы болған қасиетті құндылықтар. Ал оның діңгегі – отбасы.
Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы – исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Себебі, мемлекеттің мықтылығы да, ұлттың болашағы да осы шағын мемлекеттің ішкі тұтастығына тікелей байланысты. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген. Егер әр шаңырақ өз ішіндегі тәрбие мен әдепті түзесе, сыртқы қоғам өздігінен көркеймек.
Қазіргі қоғамда «ер адамның рөлі қандай болуы керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Бірі оны тек қаржы табушы деп түсінсе, бірі отбасы ісінен мүлдем шеттеп қалған. Ал Ислам бұл мәселенің нүктесін баяғыда-ақ қойып берген.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» деген.
Осыған қарап-ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілгенін көреміз. Отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен. Мұндағы «бақташы» сөзі – тек билік жүргізу емес, қорғау, аялау, қамқор болу және рухани бағыт-бағдар беру деген терең ұғымды білдіреді.
Ер адам сыртқы желден қорғайтын қорған болса, әйел – сол қорғанның ішін нұрға бөлейтін шуақ. Қазіргі таңдағы отбасылық жанжалдар мен ажырасулардың көбі рөлдердің ауысуынан немесе бір-бірін сыйламаудан туындап жатады.
Тағы да тағылым тұнбасы-хадистерде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы, ұйыстырушысы ретінде белгілеген. Әйел адамның қоғамдағы ең үлкен миссиясы – саналы ұрпақ тәрбиелеу және шаңырақтың берекесін сақтау. Ол – жылулық пен төзімділіктің символы.
Отбасы бала тәрбиесінің ұйтқысы екендігіне ерекше тоқталады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.
Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар.
Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген.
Қорыта айтқанда, Исламдағы отбасы құндылығы – бұл жай ғана қатып қалған қағидалар емес, бұл кез келген заманның дауылына төтеп беретін өміршеңдік формуласы. Қазіргі қоғамды індеттей жайлаған үмітсіздік, жалғыздық пен отбасылық дағдарыстардан құтылудың жалғыз жолы – осы қасиетті қаулыларға, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі хадистеріне қайта оралу.
Ер адам өзінің жауапкершілігін сезініп, әйел заты өз үйінің берекесін қашырмай, ұйтқы бола білгенде ғана шаңырақтардың шайқалмасы анық. Отбасы түзелмей – қоғам түзелмейді. Сондықтан, әрқайсымыз өз үйіміздің, өз ошағымыздың бақташысы болып, Ислам құндылықтарын өмірлік темірқазыққа айналдыруымыз қажет. Сонда ғана біздің қоғам таза, болашағымыз жарқын болмақ.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

