Бүгінгі таңда адамзат баласы дамудың биік шыңына шыққанымен, адам өмірінің қадірі мен қасиеті арзандап бара жатқандай әсер қалдырады. Қазіргі қоғамдағы ең ауыр әрі жүректі ауыртатын мәселелердің бірі – жасанды түсік (аборт) жасату.
Шариғатта бұл ұғым – әйел құрсағындағы шарананың уақыты келмей тірідей немесе өлідей түсуі деп анықталады. Түсіктің екі түрі бар: бірі – адамның еркінен тыс, өздігінен болатын табиғи түсік, екіншісі – сыртқы күштің араласуымен жасалатын жасанды түсік. Осы орайда, бүгінгі медицина «құқық» деп ұсынатын бұл қадамға Ислам шариғаты қандай үкім кеседі?
Жасанды түсік жасатудың себептері мен мерзімдерінің әртүрлі болуына қарай, оның шариғи үкімі де өзгеріп отырады. Ғұламалар бұл мәселені балаға жан біткенге дейінгі және жан біткеннен кейінгі кезең деп екіге бөліп қарастырады. Құрсақтағы нәрестеге алғашқы апталарда жасанды түсік жасату жөнінде ғұламалардың арасында әртүрлі көзқарастар бар. Дегенмен, Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин ешбір негізді себепсіз баланы түсіруге мүлдем рұқсат жоқ екенін айтқан. Ол өзінің құнды еңбегінде былай дейді:
«Оны (бала түсіруді) халал деп айтпаймын. Өйткені мухрим (қажылық парызын өтеп жүрген адам) құстың жұмыртқасын жарса құнын төлейді. Ал жұмыртқа құстың негізі. Егер жұмыртқаны жарғанына жаза қолданылса, онда себепсіз түсірілген баланың жағдайы одан кем емес (яғни, күнәға батады)».
Демек, тіпті алғашқы күндерден бастап-ақ жатырдағы ұрық – болашақ адамның негізі болғандықтан, оны ойыншық көруге, себепсіз қия салуға тыйым салынады. Ана құрсағындағы бала 120 күнге (төрт айға) толған сәттен бастап, оған рух үрленеді. Ислам ғалымдары бұл мерзімнен асқан соң құрсақтағы баланы түсіруге және жасанды түсік жасауға бірауыздан қатаң түрде тыйым салған
Бұл мерзімді Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген мына бір қасиетті хадис айқындап береді:
Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен ігілігі болсын) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді: 1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын»(Имам Мүслим).
Жан кіргеннен кейін түсік жасату — тірі адамды өлтірумен тең қылмыс. Себебі ол – өз қорғанысын жасай алмайтын, шырылдаған дәрменсіз сәби. Алла Тағала Құранда адам өмірінің құнын былай деп белгілеген:
«Кімде кім бір адамды жазықсыз өлтіретін болса, ол жер бетіндегі барлық адамды өлтіргенмен тең...»(«Мәида» сүресі, 32-аят).
Жоғарыда айтылған шариғи дәлелдер мен пәтуа негіздерін сүйене отырып, Ислам дінінің бұл мәселедегі соңғы кесімін былайша тұжырымдаймыз:
Негізгі үкім:
Шариғат бойынша, ешқандай негізді себепсіз жасанды түсік жасату – ХАРАМ (қатаң тыйым салынған күнә). Жан біткеннен кейінгі үкім: Жатырдағы балаға 120 күннен асып, жан берілгеннен кейін түсік жасатуға мүлдем болмайды.
Ерекше жағдай (Рұқсат шегі): Егер сенімді, білікті әрі әділ бірнеше мұсылман дәрігердің ресми қорытындысы бойынша, құрсақтағы бала ананың өміріне тікелей қауіп төндіретін болса (баланы босану ананың өліміне алып келуі мүмкін болса), ананың өмірін сақтау мақсатында ғана жасанды түсік жасатуға шариғат тарапынан рұқсат етіледі. Өйткені, ислам құқығындағы «ананың өмірі – негіз, ал баланың өмірі – тармақ» деген қағида басшылыққа алынады.
Отбасы мен шаңырақтың берекесі – дүниеге келетін пәк сәбилердің күлкісімен өлшенеді. Сондықтан, заманның өткінші қиындықтары мен сылтауларына бола Алла берген аманатқа қиянат жасаудан, жазықсыз жанның киесінен қорқу – әрбір саналы иманды адамның міндеті.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

