«Уақып» – таусылмайтын сауап көзі

«Уақып» – таусылмайтын сауап көзі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біз өмір сүріп жатқан XXI ғасыр – материалдық құндылықтардың салтанат құрған заманы. Бүгінгі адамзат жиған-тергенін тек өз игілігіне жаратуды, сән-салтанатпен өмір сүруді бақыт деп түсінетін «тұтынушы қоғамға» айналып бара жатқандай. Алайда, адам баласы өзімен бірге осы дүниеден ештеңе алып кете алмайтынын, артында тек ізі мен ісі ғана қалатынын тым кеш түсініп жатады. Қазіргі қоғамдағы өзімшілдік пен дүниеқоңыздық дертінің жалғыз дауасы – Ислам діні ұсынған, ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп келе уақып (жалғасып тұратын қайырымдылық) құндылығы.

Адал еңбекпен тапқан малды ізгілікке жұмсау – шынайы иманның белгісі. Бұл туралы Жаратушы Ие ескерту жасап, маңдай термен келген ризықтың бір бөлігін қоғам игілігіне бағыттауды бұйырған.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.

Бұл аят – адам бойындағы сараңдықты емдеп, оны жомарттыққа, айналасына пайда келтіруге үндейтін ұлы шақыру. Уақып – дәл осы бұйрықтың іс жүзіндегі ең кемел көрінісі. Ол — жекеменшік мүлікті (жер, ғимарат, су көздері және т.б.) Алла ризалығы үшін қоғамның, мұқтаждардың пайдасына мәңгілікке аманаттау.

Адам өмірі – шектеулі. Бір күні соққан жүрек тоқтайды, атқарған қызметің мен жинаған атақ-даңқың да осы дүниеде қалады. Бірақ Ислам діні адамға өзі өлсе де, артынан тоқтаусыз сауап ағылып тұратын ерекше мүмкіндік сыйлады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деп, уақыптың маңыздылығын шегелеп айтқан. Демек, сіз салған мектеп, сіз қаздырған құдық немесе мұқтаждар үшін қалдырған қор – сіздің о дүниедегі таусылмайтын рухани капиталыңыз.

Бүгінгі таңда уақып мәдениетін жаңғырту — қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жоюдың басты құралы. Бай мен кедейдің арасын жақындататын, жетім мен жесірдің көз жасын сүртетін де – осы уақып жүйесі. Заманауи үлгідегі уақып қорлары арқылы мектептер салу, ауруханалар тұрғызу – қоғамның интеллектуалдық және әлеуметтік әлеуетін көтереді. Бұл — мемлекеттің жүгін жеңілдетіп, халықтың бір-біріне деген бауырмалдығын арттыратын ұлы күш.

Қорыта айтқанда, уақып – бұл фәнидің байлығын бақидың таусылмайтын қазынасына айырбастаудың ең тиімді жолы. Бұл – өткінші өмірдің уақытша нығметтерін мәңгілік игілікке айналдыратын иманның сиқыры. Адамзат тарихында қаншама патшалар мен алтын тақты байлар өтті, олардың есімі де, жиғаны селмен кетті. Ал Алла ризалығы үшін бір құдық қаздырған, бір көпір салған немесе білім ордасын тұрғызған жандардың амал дәптері әлі күнге дейін сауаппен толығып жатыр.

Қазіргі таңда бізге керегі – осы уақып мәдениетін санамызда қайта тірілту. Артымыздан өшпейтін із, таусылмайтын сауап қалдырғымыз келсе, бүгіннен бастап қоғам игілігіне жарайтын, «жалғасып тұратын садақаға» үлес қосуымыз қажет. Өйткені, нағыз байлық – бергенің, ал бергенің – мәңгілік сенімен қалатын жалғыз мүлкің.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: