Жұқа шұлыққа мәсіх тартудың шариғи үкімі

Жұқа шұлыққа мәсіх тартудың шариғи үкімі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман қауымында намаз – бес парыздың бірі және ең маңызды ғибадат болып саналады. Намаздың қабыл болуы үшін оның арнайы шарттары орындалуы тиіс. Олар ішкі және сыртқы парыздар болып бөлінеді. Намаздың сыртқы парыздарының, яғни шарттарының ең бастысы – дәрет алу. Жаратушы иеміз Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәйда» сүресі, 6-аятында дәреттің парыздарын ашық баяндап, былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрмақшы болсаңдар, жүздеріңді және қолдарыңды шығанақтарыңмен қоса жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар. Аяқтарыңды тобықтармен қоса жуыңдар».

Осы аят арқылы дәрет алудың парыздығы бекітілген. Алайда, осы парыздың ішіндегі аяқты жуу мәселесінде қазіргі таңда жат ағым өкілдерінің арандатушылығы кесірінен қоғамда, әсіресе жастар арасында бүлік туындап отыр. Кейбір жастарымыздың діни білімнің таяздығынан төрт парыздың бірі – аяқты жууға атүсті қарап, қыс немесе жаз мезгілі болсын, кәдімгі жұқа шұлықтарға (носкиге) мәсіх тартып, оны өзгелерге де насихаттап жүргені жасырын емес. Олардан дәлел сұрасаң: «Сенімді хадис бар, соны ұстанамын» деп шыға келеді. Осы мәселенің ақ-қарасын айырып, шариғат таразысына тартып көрейік.

Сәләфилік ағымды ұстанушы азаматтардың көбі дерлік жұқа шұлықтарға мәсіх тартуға дәлел ретінде Имам әт-Тирмизидің риуаятында келген Муғира бин Шуъбадан (р.а.) жеткен мына хадисті алға тартады:

«Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне (наъл) мәсіх тартты». (Мұндағы «наъл» дегеніміз – аяқ киімнің тәпішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі).

Сыртынан қарағанда бұл хадис жұқа шұлыққа мәсіх тартуға рұқсат беріп тұрғандай көрінгенімен, хадис ғылымы мен фиқһ (ислам құқығы) ғұламалары бұл мәселенің астарына терең бойлаған.

Хадис ілімінің хас шеберлері аталған риуаяттың дәрежесіне қатысты мынадай тұжырымдар жасаған: Имам Әбу Дауд пен Имам ән-Нәсәи: бұл хадисті «әлсіз» (даиф) деп бағалаған.

Имам ән-Нәуауи (Шафиғи мәзһабының хадисші ғалымы): «Бұл хадис – әлсіз. Көптеген хафыз ғалымдар әлсіз деген. Имам әл-Байһақи бұл хадисті «мүнкәр» (өте әлсіз) деп атап, Суфиян әс-Саури, Абдураһман ибн Мәхди, Ахмад ибн Ханбал, Яхия ибн Мағин және Муслим бин Хәжжаж секілді ұлы ғұламалардың да бұған «әлсіз» деген баға бергенін жеткізген».

Ибн Абдураһим («Тухфатул ахуази» еңбегінің авторы):бұл тақырыпта (шұлыққа мәсіх тарту туралы) келген өзге үш хадистің де дәрежесі «әлсіз» екенін айтқан.

Маңызды ескерту: Имам әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан сахих» (жақсы, сенімді) деп бағалағанымен, оның бұл пікірі жоғарыда аталған хадистанушы аллыптардың (әсіресе Имам Муслим мен Имам Ахмадтың) алдында уәж бола алмайды. Ілім иелерінің ижмағы (ортақ келісімі) бойынша, Имам Муслимнің хадис сыншылығындағы дәрежесі Имам әт-Тирмизиден жоғары тұрады.

Егер бұл хадисті шартты түрде «сахих» деп қабылдаған күннің өзінде, одан «жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болады» деген үкім шықпайды. Оның себептері мынадай:

Біріншіден: Хадисте «шұлықтың барлық түріне» (жұқа, тоқыма, нейлон) деп айтылмаған. Оны өзге бұлтартпас дәлелдермен үйлестіру үшін, ол шұлықты «аяқ киімсіз далада жүруге жарамды, берік шұлық» деп түсінуіміз қажет.

Екіншіден: Имам әл-Байһақи өзінің ұстазы Әбу Уалид ән-Найсабуридің мына сөзін жеткізеді: «Бұл жердегі сөз жеке жұқа шұлық туралы емес. Керісінше, бұл – асты терімен қапталған шұлық. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.с.) екі шұлығына емес, асты терімен нығайтылған шұлық-мәсіге мәсіх тартқан».

Қорыта айтқанда, шариғатымызда мәсіх тарту ғибадатты жеңілдету үшін берілген үлкен нығмет. Алайда, бұл жеңілдіктің өз шарттары бар. Мәсіх тартылатын аяқ киім немесе шұлық – су өткізбейтін, байламасыз тік тұра алатын, кемі 5-6 шақырым жаяу жүруге шыдайтын қалың әрі берік (былғары немесе қалың киіз сыяқты) материалдан жасалуы тиіс.

Ал қазіргі дүкендерде сатылатын, суды бірден өткізетін жұқа мақта не нейлон шұлықтарға мәсіх тарту – дәретті бұзады, демек онымен оқылған намаз да батыл (жарамсыз) болады.

Дәлелдің мәнісін білмей, жекелеген әлсіз хадистерді желеу етіп, ғасырлар бойы қалыптасқан фиқһ мектептерінің үкімін тәрк ету – адасушылыққа апарар төте жол. Еліміздің мұсылмандары ата-бабамыз ұстанған Ханафи мәзһабының пәтуаларына құлақ асып, жұқа шұлыққа мәсіх тарту сияқты негізсіз амалдардан бойын аулақ ұстауы тиіс. Шаңырағымыз шайқалмай, намазымыз кемел болсын десек, діни бірлігіміз бен мәзһабтық жүйемізді бекем сақтауымыз қажет.

Ержан  Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: