Жуалы: Жалғыз ағаш

Жуалы: Жалғыз ағаш

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл шығармамды саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ата-бабаларымыздың рухына арнаймын.

Сталиннің қылышынан қан тамған зұлмат заман еді. 1933 жылғы ашаршылық қазақ даласын жайлап, ел басына ауыр күн туды. Сол дүрбелең біздің Бөкейтау маңындағы Ақбастау жеріндегі Құлбайымбет еліне де жетті. Тып-тыныш жатқан ауылға қасірет пен қорқыныш орнады.

НКВД-ның қолшоқпарлары ауыл арасына іріткі салып, «халық жауы» деген жаламен ел ішіндегі беделді азаматтарды қуғынға ұшырата бастады. Сол құйтырқы саясат біздің әулетімізді де айналып өтпеді.

Есалы атамыз Алланың жолымен жүрген, қасиет қонған жан еді. Ел ішінде емшілік қасиетімен танылған әулие кісі болған. Қаратау өңіріне аты мәлім, көпшілік құрмет тұтқан адам еді.

(Елеусін апамыздың естелігінен.)

1933 жылғы ашаршылық кезінде ауыл белсенділері түтін шыққан әрбір үйді торуылдап, тінтіп жүретін көрінеді. Үйлерге басып кіріп, қазандағы асын төгіп, барын тартып алып кететін болған.

Бірде сондай тінту кезінде Есалы атамыздың үлкен ұлы Жамашбек қатты ашуланғанда, атамыз:

— Қой, балам. Бұларды Құдай жазаламаса, ешкім жазалай алмайды, — деп сабырға шақырған екен.

Жамашбек атамыз кейін Ұлы Отан соғысына аттанып, туған жеріне оралмаған.

Белсенділер екінші рет келгенде қазан тұрған жерден дәу қара жылан шығып, бәрі қорыққанынан тұра қашыпты деген әңгіме бар.

1937 жылы НКВД жендеттері таң ата сау етіп келіп, атамызды мылтықпен қорқытып, өздерімен бірге алып кеткен. Оны қазіргі Шымкент қаласындағы абақтыға қамайды. Сол жерде ату жазасына бұйырылған екен.

Бір аптадан кейін Елеусін апамыз іздеп барған кезде абақты қызметкерлерінен бір ерекше оқиғаны естиді.

Олардың айтуынша, асыр намазы уақытында түрменің есіктері өздігінен ашылып кетеді екен. Есалы атамыз сыртқа шығып, таза жерде намазын оқыған көрінеді. Намаз үстінде қолындағы құрсау шынжырлары сарт етіп өздігінен үзіліп кеткен деседі. Көрген адамдар мұны Алланың құдіретін паш еткен ғажайып оқиға ретінде айтып жүрген.

Құлбайымбет елінің жүз жасаған қариясы Жанпейіс атадан жеткен естелік те бар.

1993 жылы әскерден келген соң жолым түсіп, Жанпейіс атаның үйіне бардым. Тоқсан бестен асқан қария:

— Кімнің баласысың? — деп сұрады.

— Мәдидің баласымын, — дедім.

Сонда қария:

— Балам, отыр. Саған Есалы атаң туралы айтып берейін, — деді.

Ол бір сәт күрсініп алып:

— Атаң өте тақуа, момын адам еді. Алдына келген жанды ақы алмай емдеп жіберетін. Қаншама адамның дертіне шипа болды. Қапыда кетті ғой... — деді.

II бөлім

Жанпейіс ата әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

— Есалыны алып кеткеннен кейін үш күн бойы күн райы қарауытып тұрды, — деді.

— Сендердің үйлеріңнің төменгі жағында қырман болатын. Сол жерде Федор деген орыс тұратын. Бір күні ол елдің «киелі ағаш» деп жүрген ағашының бір бұтағын кесіп алып, арбасына дөңгелек жасауға пайдаланыпты. Ауыл адамдары қанша ескерткенмен, сөзге құлақ аспаған екен.

Бұтақты кесіп алғанның ертеңіне түс ауғанша қатты ауырып жатып қалыпты. Ауырған сайын:

— Лекаря Есалы! Лекаря Есалы! — деп айқайлайды екен.

Сонда әйелі жылап:

— Его вчера увезли НКВД, — депті.

Сорлы әйел:

— Есалы болса, оны аман алып қалар еді, — деп еңіреген екен.

Алайда түс қайта Федор қайтыс болыпты.

Содан кейін орыстар Ақбастау жағын «Проклятое место» деп атап, бұл маңнан көшіп кете бастапты.

Бұл әңгімені Құлбайымбет еліндегі бұрынғы Кеңес, қазіргі Ертай ауылында тұрған жүз жасқа келген Аюбаев Жанпейіс атаның өз аузынан естіген едім.

Есалы атамыз туралы ел ішінде осындай көптеген әңгімелер сақталған. Менің баяндағандарым — солардың бір парасы ғана.

Алла Тағала халқымызға бейбіт өмір нәсіп етсін. Қазақстанның тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Мұндай зұлмат заман енді қайтып оралмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Әмин!

Мәдиұлы Нұржан Есалы

Ертай ауылының молдасы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: