Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылы аудандық мәдениет үйінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бата беру дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Батаменен ел көгерер» атты аудандық бата беру байқауы ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – халқымыздың рухани мұрасы саналатын бата сөздің қадір-қасиетін насихаттау, көпті көрген ақсақалдардың өнегелі өмірі мен даналыққа толы өсиеттерін жастарға үлгі ету, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеу болды.
Байқауға ауданның әр ауылдық округтерінен келген 60 жастан асқан ақсақалдар мен ел ағалары қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар төрт кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде ұлы тұлғалардың елге аманат етіп қалдырған баталарын жатқа айтса, екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлерге арналған ақ баталарды мәнерлеп орындады. Үшінші кезеңде қойылған сұрақтарға аталы сөзбен жауап беріп, шешендік қабілеттерін танытты. Соңғы кезеңде үздіктер арасында бата жарысы өтіп, қатысушылардың тапқырлығы мен бата беру шеберлігі сынға түсті.
Қазылар алқасы баталардың мазмұны мен мағынасының тереңдігіне, сахна мәдениетіне, орындау шеберлігіне және ұлттық киім үлгісіне ерекше назар аударылды. Ақтық сында «Жуалы» мешітінің имамы Сейтқазы қажы Әбдірұлы 1-ші орынды иеленді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.



26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

