Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінің жанындағы «Дәстүр» қайырымдылық мекемесінде білім алып жатқан шәкірт Ерболатұлы Ескендірге Қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап, хафиз атануының құрметіне умра сапарына жолдама табысталды.
Сонымен қатар оған ақшалай сыйлық беріліп, ерекше құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында аудан бас имамы Азамат Берікұлы шәкіртті құттықтап, Құран жаттаудың артықшылығы мен хафиздердің қоғамдағы орны туралы насихат айтты. Сондай-ақ жас қариға алдағы қасиетті сапарының қабыл болып, ілім жолындағы ізденісінің арта беруіне тілектестік білдірді.
Жиналған жамағат пен ұстаздар шәкірттің жетістігіне қуанып, ақ баталарын берді. Бұл игі іс өзге шәкірттерге де Құран ілімін үйренуге, жаттауға және білім жолында табандылық танытуға үлкен мотивация болды. Алла Тағала Ерболатұлы Ескендірдің Құранға жасаған қызметін қабыл етіп, қасиетті умра сапарын берекелі әрі сауапты етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

