Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру және діни қызмет сапасын нығайту мақсатында Шығыс аймағындағы имамдарға арналған 10 күндік семинар өз жұмысын бастады.
Семинар барысында қатысушыларға Құран және хадис ілімдері, діни уағыз айту әдебі, жамағатпен жұмыс жүргізу тәсілдері, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Аудан бас имамы Азамат Берікұлы семинардың ашылуында сөз сөйлеп, дін қызметкерлерінің білімін үнемі жетілдіріп отыруының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар имамдардың халыққа дұрыс бағыт-бағдар беруде, қоғамдағы тұрақтылық пен рухани құндылықтарды нығайтуда ерекше жауапкершілік атқаратынын атап өтті.
Аталған семинар имамдардың тәжірибе алмасуына, діни білімдерін тереңдетуіне және қызмет сапасын арттыруына үлкен мүмкіндік болмақ. Алла Тағала білім жолындағы бұл игі бастамаға береке беріп, семинарға қатысушы дін қызметкерлерінің ілімін арттырып, қызметтеріне жеміс пен табыс нәсіп етсін. Еліміздің бірлігі бекем, жұртымыздың ынтымағы нығая берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



25 Маусым 2026
9 Мухаррам 1448

