Аудандық Қаратау қажы би мешітінде жамағат арасында діни сауаттылықты арттыру және діни ағымдардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары өткізілді. Кездесуді мешіттің наиб имамы Асқарбек Серікұлы жүргізіп, «Таблиғи жамағаты» діни ағымы туралы түсіндіру насихатын айтып өтті.
Уағыз барысында наиб имам таблиғи жамағатының пайда болуы, діни ұстанымдары және қызмет ету ерекшеліктері туралы жамағатқа түсінік берді. Сонымен қатар, діни мәселелерде дұрыс бағыт-бағдар алудың, кез келген діни ақпаратты саралап қабылдаудың және ресми діни түсіндірулерге сүйенудің маңыздылығына тоқталды. Асқарбек Серікұлы жамағатқа дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтау, діни сауатты болу және түрлі діни ағымдардың ерекшеліктерін білу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, отбасы мен қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Сөз соңында Асқарбек Серікұлы мұндай түсіндіру шаралары діни сауаттылықты арттырып, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын тілге тиек етті.
Аудандық Қаратау қажы би мешітінің баспасөз қызметі.


24 Маусым 2026
8 Мухаррам 1448

