Маржангүл ана мешітінде жамағатпен кездесу өткізіліп, қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – жат діни ағымдардың алдын алу бағытында насихат жұмысы жүргізілді.
Кездесуде мешіт имамы Үкібаев Ғазиз «жат діни ағымдардан сақтану» тақырыбында уағыз айтып, діннің негізгі мақсаты – адамды ізгілікке, бірлікке және көркем мінезге тәрбиелеу екенін атап өтті. Ғазиз имам өз сөзінде діни сауатсыздықтың түрлі теріс ағымдардың ықпалына себеп болуы мүмкін екенін айтып, әрбір азаматтың діни білімді дұрыс жолдан алуы қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, жастарды әлеуметтік желілердегі күмәнді діни ақпараттарға сын көзбен қарауға, кез келген діни мәселені білікті мамандардың кеңесі арқылы шешуге шақырды. Уағыз барысында халқымыздың дәстүрлі діни танымы, ата-бабадан жалғасқан рухани құндылықтарды сақтау және қоғамдағы татулықты нығайту мәселелері де қозғалды.
Кездесу соңында жамағат өздерін толғандырған сауалдарын қойып, имамнан тұщымды жауаптар алды. Тағылымды жүздесу діни сауаттылықты арттыруға және рухани қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды.
"Маржангүл ана" мешітінің баспасөз қызметі.


24 Маусым 2026
8 Мухаррам 1448

