Аудандық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев келген жамағатқа «Арақ және зиянды заттардан аулақ болу» тақырыбында тағылымды насихат айтты. Ол өз сөзінде арақ пен өзге де зиянды заттардың адам денсаулығына ғана емес, оның рухани өміріне және отбасылық тыныштығына да кері әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ислам діні адамның ақыл-санасын тұмшалайтын және қоғамға зиян келтіретін барлық әрекеттерден сақтануға үндейтінін кеңінен түсіндірді.
Бас имам маскүнемдік пен зиянды әдеттердің көптеген әлеуметтік мәселелердің туындауына себеп болатынын айтып, олардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, уақыттарын білім мен пайдалы істерге жұмсауға шақырды. Насихат барысында әрбір мұсылман өз денсаулығын Алланың аманаты ретінде қабылдап, оған жауапкершілікпен қарауы қажет екендігі ерекше айтылды. Бұдан бөлек, зиянды заттарға тәуелділіктің адамды отбасы мен қоғам алдындағы міндеттерінен алыстататыны жөнінде маңызды ойлар ортаға салынды. Имам жамағатты жаман әдеттерден сақтанып, ізгі орта қалыптастыру арқылы қоғамның рухани саулығын нығайтуға үндеді.
Сонымен бірге, бала тәрбиесінде ата-ананың өнегелі іс-әрекеті мен дұрыс тәлім-тәрбиесінің шешуші рөл атқаратыны түсіндірілді. Кездесу соңында жиналған қауымға амандық пен береке тілініп, ел тыныштығы мен халықтың денсаулығы үшін дұға жасалды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


23 Маусым 2026
7 Мухаррам 1448

