Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде аймақтағы діни қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған әдістемелік семинар өтті. Алқалы жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған қала және аудан имамдары қатысты.
Шарада Бас мүфтидің кеңесшісі әрі ҚМДБ Стратегиялық талдау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сүйерқұлұлы облыстың дін қызметкерлеріне тағылымды дәріс оқыды. Ол өз сөзінде Ислам тарихы мен әділетті төрт халифаның ғибратты өмірбаянына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасында айтылған діни қызметті жүйелеуге қатысты негізгі тапсырмаларды тілге тиек етті. Спикер имамдардың заман талабына сай білімі мен біліктілігін тұрақты түрде шыңдап отыруы қажеттігін, сондай-ақ уағыз-насихат жұмыстарында тарих пен ұлттық құндылықтар сабақтастығын тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Семинар барысында Смайыл Сүйерқұлұлы қазіргі қоғамдағы діни ахуалды саралап, жат ағымдардың алдын алу және жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру ісінде имамдардың жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар көкейкесті сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы өңірдегі рухани ағарту жұмыстарын жандандыруға септігін тигізетін маңызды дәріс үшін Бас мүфти кеңесшісіне аймақ дін қызметкерлері атынан алғыс білдірді.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



19 Маусым 2026
3 Мухаррам 1448

