Жамбыл облысында мектеп оқушыларына арналған «Имани жаз — 2026» жазғы имандылық сабақтарының аяқталуына орай салтанатты қорытынды шара өтті. Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы шәкірттермен жүздесіп, оқу маусымының барысы туралы еркін форматта сұқбаттасты. Бас имам балалардың жаз бойы алған білімдерін пысықтап, олардың деңгейін тексеру мақсатында танымдық сұрақтар қойды.
Биылғы жазғы демалыс маусымында Тараз қаласындағы облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде 10-15 жас аралығындағы 135 бала имандылық дәрістерін тыңдады. Оның ішінде 80-ге жуығы ұл бала болса, 55-і — қыз балалар. Ал жалпы Жамбыл облысы бойынша 1509 мектеп оқушысы жазғы сауат ашу курстарынан өтіп, рухани білімдерін жетілдірді. Олардың 686-сы қыз баласы болса, 823 ұл балалар.
Шара соңында облыстың бас имамы оқуда озық шығып, белсенділік танытқан шәкірттерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ балалардың алдағы уақытта да ізденімпаздық танытып, білімдерін шыңдай түсулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, жазғы маусым бойы балаларға білікті ұстаздар қауымы дәріс берді. Ал еліміздегі діни оқу орындарынан келіп, іс-тәжірибеден өтуші студенттер шәкірттерге жетекшілік етіп, тәрбиешілік міндетін абыроймен атқарып шықты.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі


19 Маусым 2026
3 Мухаррам 1448

