Қызылқайнар ауылының Бейсеу ата мешітінде өткен рухани жиында мешіт ұстазы Ғалымжан Шернияз жиналған жамағатқа «Алланың көркем есімдері» тақырыбында тағылымды насихат айтты.
Насихат барысында ұстаз Алла Тағаланың көркем есімдерін тану мұсылманның иманын күшейтіп, Жаратушыға деген сүйіспеншілігін арттыратынын жан-жақты түсіндірді.
Ол әрбір көркем есімнің терең мағынаға ие екенін атап өтіп, олардың адам өміріндегі рухани тәрбиемен тығыз байланысты екенін баяндады.
Сонымен қатар, Алланың Рахман, Рахим, Әл-Ғафур секілді есімдері арқылы пенделерге деген шексіз мейірімі мен кешірімі көрініс табатынын мысалдармен жеткізді. Ұстаз жамағатты Алланың көркем есімдерін жаттап қана қоймай, олардың мәнін түсініп, күнделікті өмірде сол сипаттарға сай ізгі амалдар жасауға шақырды. Насихатта Жаратушыны дұрыс тану адамның жүрегіне тыныштық сыйлап, рухани кемелденуге жол ашатыны ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, дұға жасағанда Алланың көркем есімдерін қолданудың маңыздылығы айтылып, оның құлшылық мәдениетін арттыратыны түсіндірілді. Жамағат насихат барысында өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, тақырыпқа қатысты пайдалы мәліметтермен танысты. Кездесу соңында қатысушылар Алланың көркем есімдерін танып-білу арқылы имани дүниесін байытып, рухани өмірін кемелдендіруге деген ынталарын білдірді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


16 Маусым 2026
30 Зуль-хиджа 1447

