Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде ауданның Бас имамы Азамат Берікұлы кішкентай азаматқа азан шақырып, «Мансұр» деген есім қойды. Қазақ халқының дін мен салт-дәстүрімен ұштасқан бұл игі рәсімде сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылып, жаңа туған балаға ізгі тілектер мен ақ баталар берілді. Бас имам бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, перзенттің елін сүйетін, дінін құрметтейтін, ата-анасына қайырлы, халқына пайдалы азамат болып өсуін тіледі.
Сонымен қатар, ата-анаға бала тәрбиесіндегі жауапкершілік жайында насихат айтып, ұрпақ тәрбиесінің қоғам үшін маңызын атап өтті. Сөз соңында аудандық «Қордай» мешіті атынан балақайға арнайы сыйлық табысталып, отбасы мүшелеріне ізгі ниет пен ақжарма тілектер жеткізілді.
Алла Тағала Мансұр есімді сәбиіміздің ғұмырын берекелі етіп, деніне саулық, отбасына қуаныш нәсіп етсін. Еліміздің намысын қорғайтын, халқына қызмет ететін иманды да парасатты азамат болып өсуін жазғай!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


10 Маусым 2026
24 Зуль-хиджа 1447

