Жуалы ауданы Қарабастау ауылында Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтті. Ауыл имамы Қуаныш Орынбасарұлының бастамасымен ауыл белсенділері мен жастары ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайтын ауқымды спорттық шара ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара барысында жастар күресі, ересектер күресі, кір тасын көтеру, жастар мен қариялар арасындағы қол күресі, ерлер арасында арқан тарту, оқушылар арасындағы футбол, ауыл жастары арасында волейбол жарыстары өтті. Сонымен қатар, әйелдер арасында қол күресі, арқан тарту, қаппен жүгіру секілді қызықты ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Жарысқа қатысушылар белсенділік танытып, өзара татулық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Құрбан айт мерекесі ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырған тағылымды әрі есте қаларлық кеш болды.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.



09 Маусым 2026
23 Зуль-хиджа 1447

