Тараз қаласындағы «Әбу Бәкір Ас-Сыддық» мешітінде XV республикалық Құран сайысына іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Рухани доданың шымылдығын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа жалпы саны 54 шәкірт қатысып, қасиетті кітапты нақышына келтіріп, жатқа және мәнерлеп оқудан бақ сынасты. Жамағаттың қызығушылығын тудырған бұл білім бәйгесін 50-60 шақты көрермен арнайы келіп тамашалап, қатысушыларға рухани қолдау көрсетті.
Сайыскерлердің ережеге сай оқылуын, тәжуиді мен дауыс мақамын білікті мамандардан құралған әділ қазылар алқасы жіті бағалады. Қазылар құрамында Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Қордай аудандық мешітінің наиб имамы Зейне Жұмабай және «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесінің директоры Бірлік Аманкелді болып, шәкірттердің біліміне әділ төрелік етті.
Тартысты әрі рухани ізгілікке толы өткен білім бәйгесінің нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер келесідей анықталды:
Құранды толық жатқа оқу (30 пара):
1-орын: Расул Хусей (Көрсеткен үздік нәтижесі үшін Ұмра қажылығына жолдама иегері атанды)
2-орын: Биляль Паншаров
3-орын: Салим Усыров
20 пара бойынша:
1-орын: Хамза Шаров
2-орын: Рамазан Идызов
3-орын: Арафат Воншонло
10 пара бойынша:
1-орын: Усман Фушанло
2-орын: Ясин Усыров
Мәнерлеп оқу номинациясы:
1-орын: Қамбар Есенов
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан арнайы бағалы сыйлықтар, қаржылай жүлделер мен алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды. Осы іріктеу кезеңінде оқ бойы озық шығып, жүлделі орындарды иеленген үздік шәкірттер алдағы уақытта өтетін республикалық додада Жамбыл облысының намысын абыроймен қорғауға жолдама алды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі




04 Маусым 2026
18 Зуль-хиджа 1447

