Жамбыл облысында қайырымдылық пен ізгілікке үндейтін рухани шаралар аясында Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл, Тегістік ауылық мешітінің имамы Бақытбек Сағымбаев, Тараз қаласының имамдары Амангелді Ембергенов, Айбек Кәрімбаев және Нұрсұлтан Нұрымбетов қарттар үйіне арнайы барып, қариялардың хал-жағдайымен танысты.
Кездесу барысында бас имам ақ жаулықты аналар мен ақсақалдарға құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, үлкенді сыйлау, қарияның батасын алу – халқымыздың асыл құндылығы екеніне тоқталып, Ислам дінінде қарттарға қамқорлық жасаудың сауабы мол амал екендігін жеткізді.
Рухани жүздесу барысында қарияларға уағыз-насихат айтылып, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы үшін дұға жасалды. Сонымен қатар, қарттар үйіндегі жандарға арнайы сый-сияпаттар табысталып, қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Қарттар үйінің қызметкерлері мен тұрғындары көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді. Мұндай игі шаралар қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосуда.



13 Маусым 2026
27 Зуль-хиджа 1447

