Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылының тұрғындары қасиетті Құрбан айт мерекесін ерекше көңіл-күймен атап өтті. Айт мерекесіне орай ауыл мешітінде рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шаралар айт намазынан басталып, жамағат бір-біріне ізгі тілектерін арнады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына арнап айттық дастархан жайылып, көпшілікке құрмет көрсетілді. Жастар арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жамағаттың ауызбіршілігі мен татулығы дәріптелді.
Шара барысында ауыл мешітінің имамы Кенжехан Өксікбайұлы жиналған көпшілікке насихат айтып, Құрбан айттың рухани мәні мен тағылымына тоқталды. Имам өз сөзінде қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмек беру және ағайын арасындағы сыйластықты нығайту – айт мерекесінің басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ мереке аясында құрбандықтар шалынып, оның еті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылды. Ауыл тұрғындары мұндай игі шаралардың ел арасындағы бірлік пен бауырмалдықты арттыра түсетінін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Айтулы мереке ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды ұштастырған тағылымды басқосуға айналып, жамағатқа ерекше әсер сыйлады.



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

