Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Ақыл ата» мешіті жанынан қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай асхана ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Игі жоба жамағатқа қолайлы жағдай жасау және көпшілікке қызмет көрсету мақсатында жүзеге асырылды.
Асхананың ашылу рәсіміне ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты және тұрғындар қатысып, көпшілікке ақ дастархан жайылды. Жиналған қауым жаңа нысанның ел игілігі үшін жасалған сауапты іс екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында аудан мешітінің имамы Қанат Әділханұлы жамағатқа насихат айтып, Құрбан айттың мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін ұлық мереке екенін жеткізді. Сонымен қатар халыққа қызмет ету, мұқтаж жандарға қолдау көрсету және жамағатқа жағдай жасау – Исламдағы сауапты амалдардың бірі екені кеңінен түсіндірілді.
Жаңа асхана алдағы уақытта мешіт жанындағы рухани және қайырымдылық шаралардың тұрақты өткізілуіне мүмкіндік жасап, ауыл тұрғындарының бірлігін арттыруға өз үлесін қоспақ. Жамағат бұл игі бастаманың берекелі болуына тілектестік білдірді.



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

