Жамбыл облысы Байзақ аудандық мешітінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай жамағат арасында қол күрестен сайыс ұйымдастырылды. Рухани мерекемен қатар өткен спорттық шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, ауызбіршілік пен бауырмалдықты нығайту болды.
Аталған жарысқа мешіт жамағаты мен ауыл жастары белсенді қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар арасында тартысты әрі қызықты өткен сайыс көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жарыс барысында қатысушыларға әділ төрелік жасалып, үздік шыққан азаматтарға арнайы алғыс пен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Шара барысында ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы жиналған жамағатқа насихат айтып, Ислам дінінде денсаулыққа мән беру, спортпен шұғылдану және уақытты пайдалы өткізу маңызды амалдардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар имам Құрбан айттың адамдарды татулыққа, сыйластыққа және мейірімділікке үндейтін ұлық мереке екенін жеткізді.
Айтулы шара жамағаттың көтеріңкі көңіл-күйін арттырып, жастар арасындағы ынтымақ пен достықты нығайтуға өз үлесін қосты.



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

