Жамбыл облысы Байзақ аудандық мешітінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай жамағат арасында кір тасын көтеруден спорттық сайыс ұйымдастырылып, үздік шыққан қатысушылар марапатталды. Мерекелік шараның мақсаты – жамағат арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды күш-қайрат пен шыдамдылыққа тәрбиелеу болды.
Сайысқа ауыл жастары мен мешіт жамағаты белсене қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар кір тасын көтеруден өз шеберліктерін көрсетіп, тартысты дода көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен азаматтарға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Шара барысында ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы жамағатқа насихат айтып, Ислам дінінде денсаулық пен сергектікке ерекше мән берілетінін атап өтті. Сонымен қатар жастарды уақытты тиімді өткізуге, спортпен шұғылданып, елге пайдалы азамат болуға шақырды.
Айтулы шара жамағат арасындағы ынтымақ пен достықты нығайтып, Құрбан айт мерекесінің рухани әрі тағылымдық мәнін арттыра түсті.



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

