Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылындағы мешітте қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық дәстүрге сай айттық дастархан жайылып, жамағатқа құрмет көрсетілді. Игі шараға ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты мен жастар қатысып, мерекенің рухани мәні кеңінен насихатталды.
Айттық дастархан барысында жиналған көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылып, ақ дастархан басында ізгі тілектер айтылды. Жамағат бір-бірімен қауышып, Құрбан айттың бауырмалдық пен татулықты арттыратын ұлық мереке екені дәріптелді.
Шара барысында ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы жамағатқа насихат айтып, Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін маңызы зор мереке екенін жеткізді. Сонымен қатар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, мұқтаж жандарға қамқор болу секілді асыл құндылықтар төңірегінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Айтулы басқосу ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтардың сабақтастығын айшықтаған тағылымды шараға айналды.



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

