Тараз қаласы «Әл-Хафиз» мешітінің ұйымдастыруымен кезекті ауқымды қайырымдылық шарасы өтті. Игі іс аясында әлеуметтік көмекке мұқтаж 45 отбасыға 10 қойдың еті үлестірілді. Сауапты шараның жоғары деңгейде өтуіне мешіт жамағаты мен жергілікті демеушілер біркісідей атсалысып, үлкен қолдау көрсетті.
Шараға «Әл-Хафиз» мешітінің имамы Жалын Рапық жетекшілік етіп, жиналған қауымға қайырымдылықтың қоғамдағы маңызы туралы насихат айтты. Имам өз сөзінде қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі, 195-аятындағы: «Жақсылық жасаңдар. Расында, Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді» деген иләһи әмірді алға тартып, мұндай ізгі амалдар адамдар арасындағы мейірімділік пен жанашырлықты арттыратынын жеткізді.
Ет өнімдерін алған отбасылар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді. Мешіт ұжымы мұқтаж жандарға жылулық сыйлайтын осындай сауапты шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын атап өтті.
«Әл-Хафиз» мешітінің баспасөз қызметі



06 Маусым 2026
20 Зуль-хиджа 1447

