Жуалы аудандық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде кезекті жұма уағызы өтті. Шарада ауданның бас имамы Есет Тұрдыбайұлы жамағатқа «Қажылықтың тәрбиелік және рухани құндылығы» тақырыбында тағылымды уағыз айтты.
Бас имам өз сөзінде қажылықтың мұсылман өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, оның адамды сабырлыққа, төзімділікке және тақуалыққа тәрбиелейтін ұлы ғибадат екендігін атап өтті. Сондай-ақ, бұл құлшылықтың үлкен бір мәні — мұсылмандардың бірлігінде екеніне ерекше назар аударды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір мекенде жиналып, бір Аллаға құлшылық етуі — исламдағы бауырластық пен ынтымақтың айқын көрінісі екенін жеткізді.
Жиын соңында бас имам биылғы қажылық сапарына ниет еткен барша отандастарымызға ақ тілегін білдірді. Есет Тұрдыбайұлы ұлы сапарға аттанғалы отырған жандардың қажылықтары мәбрур болып, аман-есен елге оралуларын тілеп, қасиетті жұма күнінде еліміз бен жеріміз үшін ізгі дұға жасады.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі


06 Маусым 2026
20 Зуль-хиджа 1447

