Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал.
Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген. Қордай ауданына қарасты аудандық «Қордай» мешітінде, «Қордай ауылдық» мешітінде және өзге де мешіттерде қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Мереке қарсаңында мешіт аумақтарына арнайы құттықтау баннерлері ілініп, жамағатқа қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар ұйымдастыру шаралары атқарылды.
Сонымен қатар, мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығы ретке келтіріліп, мерекені жоғары деңгейде өткізуге дайындық жасалды. Ұйымдастырушылар Құрбан айттың береке мен бірлік мерекесі екенін атап өтіп, барша мұсылман қауымын ізгі амалдар жасауға шақырды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



14 Маусым 2026
28 Зуль-хиджа 1447

