Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар.
Халық арасында ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы: «Дін адамды түзейтін, тәртіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу болады», – деген. Қордай ауданы, Жамбыл ауылының жамағаты қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық күрес сайысын ұйымдастырды. Іс-шара «Ал Хафиз» мешітінің имамы Талғат Тәукеевтің ұйымдастыруымен өтті. Шара барысында ауыл жастары мен тұрғындары қазақтың төл спорты саналатын күрестен бақ сынап, өзара күш пен ептіліктерін көрсетті.
Ұлттық рухты насихаттаған сайыс көрермендерге ерекше әсер сыйлап, жастарды бірлікке, батылдыққа және салт-дәстүрді құрметтеуге үндеді. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралар ұлттық мұраны ұлықтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



14 Маусым 2026
28 Зуль-хиджа 1447

