«ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ» МЕШІТІНДЕ «ИМАНИ ЖАЗ – 2026» КУРСЫ БАСТАУ АЛДЫ

«ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ» МЕШІТІНДЕ «ИМАНИ ЖАЗ – 2026» КУРСЫ БАСТАУ АЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1 маусым — Халықаралық балалар күніне орай, Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде мектеп жасындағы балаларға арналған жазғы діни сауат ашу курсы ресми түрде ашылды. Жаңа маусымның ашылу салтанатында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы сөз сөйлеп, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін білім алудың, имандылық пен тәрбиенің маңызын тереңнен түсіндірді. Сондай-ақ, бас имам дәрісті үздік тәмамдаған шәкірттерге арнайы бағалы сыйлықтар берілетінін айтып, балаларды игілікке жігерлендірді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы бағдарламасы негізінде қолға алынған бұл курсқа биыл ұлдар мен қыздар тобы бойынша жалпы саны 100 бала қабылданды. Үш аптаға жоспарланған бұл білім маусымында 10-15 жас аралығындағы оқушылар аптасына 5 күн, сағат 10:00 мен 14:00 аралығында тәлім алатын болады.

Шәкірттер жазғы курс барысында арнайы жарық көрген «Имандылық әліппесі» кітапшасының негізінде білім нәрімен сусындайды. Оқу бағдарламасы аясында балаларға Алланың көркем есімдері, сенімге қатысты маңызды мәселелер мен қырық парыз үйретіледі. Мұнымен қоса, өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында ислам әдептері, ғибратты әңгімелер, мақал-мәтелдер мен өлең жолдары кеңінен түсіндірілмек.

Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына, таза сумен және жеңіл тағаммен қамтылуына, сондай-ақ киім үлгілеріне мешіт әкімшілігі мен білікті ұстаздар тарапынан басты назар аударылған. Рухани білім мен көркем тәрбиені ұштастырған жазғы сауат ашу курсы балалардың демалыс уақытын тиімді әрі берекелі өткізуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: