Қордай ауданы, Арал ауылындағы «Арал» мешітінде қасиетті «Құрбан айт» мерекесіне орай айт намазы оқылып, ауыл тұрғындары мен жамағат мерекелік көңіл-күймен бас қосты.
Мешіт имамы Амангелді Нұрбердінің жамағатқа айттың маңызы мен құрбан шалудың сауабы жайында уағыз-насихат айтып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады. Айт намазынан кейін мешіттің діни-рухани жұмыстарына белсене атсалысып жүрген дін жанашырлары мен қайырымды азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары мен жамағат өкілдері игі іске ұйытқы болып жүрген азаматтарға алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Мерекелік шара барысында жамағат бір-бірімен айттасып, ізгі тілектер айтылды. Балаларға тәттілер үлестіріліп, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Алла Тағала барша мұсылман қауымының құрбандықтарын қабыл етіп, елімізге тыныштық, халқымызға бірлік пен береке нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



30 Мамыр 2026
13 Зуль-хиджа 1447

