Қордай ауданы, Еңбек ауылындағы «Еңбек» мешітінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай құрбандық шалынып, оның еттері мұқтаж және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестірілді.
Игі шара барысында көпбалалы, аз қамтылған және көмекке мұқтаж жандарға арнайы дайындалған құрбандық еттері таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды. Мешіт ұжымы Құрбан айттың басты мақсаты — мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамдағы мейірім мен бауырмалдықты нығайту екенін атап өтті.
Қайырымдылық көмегін алған тұрғындар құрбандық шалған азаматтар мен ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын айтып, ақ баталарын берді. Сонымен қатар жамағат арасында ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін насихат сөздер айтылып, ел тыныштығы үшін дұға жасалды.
Мұндай сауапты шаралар халық арасындағы татулық пен жанашырлықты арттырып, ізгі амалдардың кеңінен таралуына себеп болуда. Алла Тағала барша құрбандық шалған азаматтардың ниеттерін қабыл етіп, сауаптарын еселеп жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



30 Мамыр 2026
13 Зуль-хиджа 1447

